Мазмұнға өту
Музей туралы

«АЛЖИР» бірегей экспонаттары

Мұражай қорларындағы түпнұсқа экспонаттар мен мұрағаттық материалдар Отанына қарсы сатқындардың әйелдерінің Ақмола лагері арқылы өткен әйелдердің жеке тарихтарын ашады.
Бөлім

Даниленко Мария

Даниленко Мария Львовна 1909 жылы Киевте дүниеге келген, мамандығы – агроном. Оның күйеуі Даниленко Иван Данилович тұтқындалғанға дейін Харьков қ. ВКП(б) қалалық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Мария Львовна 1938 жылғы 26 наурызда НКВД жанындағы ерекше кеңестің үкімімен 8 жыл мерзімге сотталды. Лагерьде ол өз мамандығы бойынша жұмыс істеді. 1946 жылы босатылғаннан кейін ол Киевке кетті, бірақ онда үйі де, мүлкі де жоқ, барлық туыстары теріс бұрылды. Күйзеліске түсіп, ол лагерьде бірге жаза өтеген ең жақын құрбысына хат жазды. Құрбысы оны Қазақстанға, Алматыға шақырды, онда Мария Львовна өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырды. Мұражай қорында Мария Львовнаның жеке заттары бар: белдігі бар зығыр жазғы көйлек, ақ түсті берет, сондай-ақ сұр түсті маусымаралық пальто.
Бөлім

Найдис Евгения

Найдис Евгения Давыдовна 1914 жылы Житомир қаласында дүниеге келген. 1938 жылғы 9 наурызда РКФСР ҚК-нің 17, 58-8 және 58-12-баптарында көзделген қылмыстар жасады деген айыппен тұтқындалған. КСРО НКВД жанындағы Ерекше кеңестің 1938 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен 8 жылға түзеу-еңбек лагерьлеріне сотталған. 1939 жылғы 29 қарашада Найдис Евгенияға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ғылыми экспедиция барысында мұражай қызметкерлері Евгения Давыдовнамен кездесіп, сұхбат жазып алды. Ол мұражай қорына ақталу туралы құжаттарды және жеке заттарын тапсырды. Мұражай қорында Найдис Евгенияға тиесілі кофе диірмені, ақ фарфордан жасалған шай сервизі, графин және кружевалы майлық бар.
Бөлім

Дивеева Фатима

Дивеева Фатима Қадырқызы 1896 жылы Қазақ КСР-інің Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оның күйеуі Дивеев Шәкір Ғалиұлы әр жылдары Қазақ КСР-інде басшылық қызметтер атқарған, 1937 жылғы 25 маусымда тұтқындалып, 1938 жылғы ақпанда атуға үкім шығарылған және 1958 жылғы шілдеде ақталған. Фатима Қадырқызы 1938 жылғы 10 маусымда КСРО НКВД жанындағы Ерекше кеңестің шешімімен ЧСИР (Отан сатқынының отбасы мүшесі) ретінде 8 жылға түзеу-еңбек лагеріне сотталған. 1938 жылғы 24 шілдеде Алматы қаласының түрмесінен Ақмола лагерь бөлімшесіне келді. 1946 жылғы 12 сәуірде босатылды. 1977 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. 2007 жылы немересі Қоңырқожа Қожықовтың қызы Сәуле Құлахметқызы Қожықова мұражай қорына «АЛЖИР» залында қойылған бидонды тапсырды.
Бөлім

Нұралина Шафиға

Нұралина Шафиға Рахымжанқызы 1914 жылы Павлодар облысының Баян ауылында дүниеге келген. 1938 жылғы 10 маусымда КСРО НКВД жанындағы Ерекше кеңес оны ЧСИР (Отан сатқынының отбасы мүшесі) ретінде 8 жылға сотталған. Қарлагтың Ақмола бөлімшесіне 1938 жылғы 9 тамызда келіп, 1946 жылғы 18 наурызға дейін сонда болды. Босатылғаннан кейін ол үйіне оралуға құқығы болмады, өйткені паспортына «минус 23» деген белгі қойылған еді. Бұл елдің 23 қаласына, соның ішінде Павлодарға кіруге тыйым салынғанын білдіреді. Шафиға Рахымжанқызы «АЛЖИР»-дан тек 1946 жылы ғана кете алды және Ақмолаға қоныстанды. Ол 2008 жылы қайтыс болды. «АЛЖИР» залында Шафиға Нұралинаның жеке заттары қойылған: Шафиға Рахымжанқызы сурет салған ағаш қасық, шәйнек тәрелкесі, естелік жазуы бар есімді қол сағат.
Бөлім

Журбина Ревекка

Журбина Ревекка Хаимовна 1899 жылы Чернигов губерниясының Гремяч жерінде дүниеге келген, Одессада тұрған. 1938 жылғы 26 наурызда КСРО НКВД жанындағы Ерекше кеңестің шешімімен ЧСИР (Отан сатқынының отбасы мүшесі) ретінде 8 жылға түзеу-еңбек лагеріне сотталған. 1938 жылғы 26 шілдеде Одессадан Қарлагқа келді. 2013 жылғы маусымда мұражайдың ғылыми қызметкерлері Санкт-Петербург қаласына барып, Ревекка Хаимовна Журбинаның немересі Алексей Александрович Журбинмен кездесті. Алексей Александрович мұражай қорына Ревекка Хаимовна мен Авраам Алексеевичтің материалдарының түпнұсқаларын тапсырды: мақтау грамотасы, отбасылық фотосуреттер, өлеңдер, қайтыс болғаны туралы куәлік, айыптың алынғаны туралы анықтама, еңбек кітапшасы, зейнеткерлік куәлік және ақталу туралы анықтамалар.
Бөлім

Френкель Лидия

Френкель Лидия Михайловна 1909 жылы Донецк облысының Луганск қаласында дүниеге келген. Оның күйеуі Френкель Александр Михайлович Днепропетровск алюминий комбинатының техникалық директоры қызметін атқарған, 1937 жылғы қазанда тұтқындалып, 1938 жылғы 5 наурызда атуға үкім шығарылған. Үнсіз кино актрисасы Лидия Михайловна лагерьде 5 жыл болды. Оның өткенге деген сағынышы мен мәңгіге бұзылған өмірі немересі Дарья Виолина продюсер болған «Московская сага» ресейлік фильмінің эпизодтарында бейнеленген. Мұражай экспозициясында «Голубой ларец» әтірі қойылған. Дарья Виолина әжесінің құрметіне «Мы будем жить», «Московская сага», «Тяжелый песок» фильмдерін түсіріп, оларды «АЛЖИР» мұражайының қорына тапсырды.
Бөлім

Қазбекова Мағрипа

Қазбекова Мағрипа Мұрзағұлқызы 1903 жылы Орынбор облысында дүниеге келген. 1929 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген. 1937 жылы оның күйеуі Қазбеков Исмағұл тұтқындалып, ал өзі «АЛЖИР»-ға, содан кейін Долинкаға жіберілді. 1938 жылғы 25 ақпаннан 1943 жылғы 2 наурызға дейін Мағрипа Мұрзағұлқызы «АЛЖИР» және Долинка лагерьлерінде жазасын өтеді. 1943–1946 жылдары Балқаш қаласындағы 37-пунктегі лагерьге еркін қоныстануға жер аударылды. 1956 жылы Мағрипа Мұрзағұлқызы ақталды. Өмірінің соңына дейін дәрігер болып жұмыс істеді. «АЛЖИР» залында Қазбекова Мағрипаға Балқаш тау-кен металлургия комбинаты 1974 жылғы 10 желтоқсанда сыйға тартқан «Медиктер эмблемасы» қойылған.